Мазмұнға өту

Махмуд Желал Баяр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Махмуд Желәл Баяр

Баяр Махмуд Желәл (Bayar Mahmut Celâl) (15.5.1883, Умурбей Бурса - 22.8.1986, Стамбұл) - Түркияның 1950 - 60 жылдар аралығындағы Президенті. Жас кезінде банк саласы және француз тілі бойынша орта білім алған. Өмір жолын Бурса қаласындағы банк қызметкері болып бастады. Кемалшылар революциясына (1919 - 22) белсене араласты. 1924 - 32 жылы кәсіпкерлер банкісінің бас директоры, 1932 - 37 жылы Түркияның экономика министрі, 1937 - 39 жылы премьер-министрі міндеттерін атқарды. 1939 жылы парламенттегі көпшілік дауысқа ие Республикалық халық партиясымен келісе алмағандықтан, үкімет құрамынан шықты. Үкіметке оппозициядағы Демократиялық партияны ұйымдастырушылардың бірі және 1946 жылдан осы партияның төрағасы болды. 1950 жылы мамырда өткен сайлауда Демократиялық партия жеңіске жетіп, Баяр президент болып тағайындалды. Жаңа үкімет КСРО тарапынан болуы мүмкін шабуылдан қорғану үшін Батыс елдерімен, соның ішінде АҚШ үкіметімен жақындасуға тырысты. Оның кезінде Түркия НАТО-ға мүше болып қабылданды (1952). Оңтүстік-шығыс шекараларды нығайту үшін араб елдерімен жақындасып, 1955 жылы Бағдат пактісіне қосылды. Бірақ ішкі саяси тұрақсыздық пен студенттердің толқуы жиілей түсті. 1960 жылы 27 мамырда әскери төңкеріс болып, Баяр, премьер-министр А.Мендерес және Демократиялық партияның басқа да басшылары қамауға алынды. 1961 жылы өткен сот төралқасы Баярды өлім жазасына кесіп, кейіннен өмір бойы түрмеге отырғызу жазасымен ауыстырылды. 1964 жылы денсаулығына байланысты тұтқыннан босатылып, 1969 жылы саяси құқылары толық қалпына келтірілді. Өмірінің соңғы жылдары ол саяси қызметтен қол үзді.

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ энциклопедиясы