Джеймс Уатт
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Уатт Джеймс (19.1.1736, Гринок, Шотландия – 19.8.1819, Хитфилд, Англия) – ағылшын өнертапқышы, бу машинасын алғаш жасаушы, Эдинбург корольдік қоғамының (1784), Париж ғылым академиясының шетелдік (1814; 1808 жылдан корреспондент), Лондон корольдік қоғамының мүшесі (1785). 1757 жылдан Глазгодағы университетте механик болып жұмыс істеді. Онда ол Д.Папен (1647 – 1714) қазанын пайдаланып қаныққан бу температурасының қысымға тәуелділігін зерттеді. 1763 – 64 жылы Т.Ньюкоменнің (1663 – 1729) бу машинасының моделін кемелдендіре отырып, бу шығынын конденсаторды цилиндрден оқшаулау арқылы азайтуға болатындығын дәлелдеді. Осы идеяны басшылыққа ала отырып 1765 жылы тәжірибелік, ал 1768 жылы ең алғашқы бу машинасын құрастырды. Бұл бу машинасы Ньюкоменнің машиналарына қарағанда едәуір тиімді болды. Уатт қозғалтқыштың жұмысын қамтамасыз ету үшін центрден тепкіш реттеуішті, ал беріліс механизмі үшін балансирді пайдаланды. 1782 жылы ұлғайтылған бу қозғалтқышына патент алды. Уатт қуаттың алғашқы бірлігі – ат күшін енгізді. Кейіннен қуаттың басқа бірлігі – ватт Уаттың есімімен аталды. Уаттың бу машинасы кеңінен таралды және машина өнеркәсібінде орасан зор рөл атқарды. 1784 жылдан кейін Уатт негізінен өз зауытында бу машиналарын кемелдендіру мәселелерімен айналысты.[1]
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: commons:Category: |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |